«Asia Finance» сақтандыру қызметтері агенттігінің қаржысын жымқырған азаматша сотталды

None
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - «Asia Finance» сақтандыру қызметтері агенттiгi» ЖШС-ның жалпы сомасы 854 510 теңге ақша қаражатын ұрлаған азаматша сотталды.

Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Астана қалалық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті А.Дүйсеноваға қатысты қылмыстық істің тергеуін аяқтады. Ол өзінің қызмет бабын пайдаланып, 2009 жылғы қазаннан 2010 жылғы маусым аралығында сеніп тапсырылған «Asia Finance» сақтандыру қызметтері агенттiгi» ЖШС-ның жалпы сомасы 854 510 теңге ақша қаражатын ұрлаған», - делінген хабарламада.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен А.Дүйсенова ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлігі «б» тармағы бойынша кінәлі деп танылып, шарты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.