Asianboxing.info: Әлімханұлының кәсіби бокстағы алғашқы кездесуі расында да керемет болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Asianboxing.info порталы Жәнібек Әлімханұлының кәсіби бокстағы алғашқы кездесуіне осындай баға берді, деп жазады Sports.kz.

«Егер шындықты айтатын болсақ, 2016 жылғы Олимпиада ойындары өзінің дау-жанжалдарымен есте қалатын болды. Бұл ретте Джо Джойс, Василий Левит пен Майкл Конланның жекпе-жектерін мысалға келтіруге болады. Соған қарамастан спортшылардың көпшілігі өздерінің әлеуетінің мықты екендігін көрсетіп, олар бұдан да биік белестерді бағындыра алатындай әсер қалдырды. 

Болашағынан зор үміт күттіретін осындай боксшылардың бірі - қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы. Ол жуырда ғана өзінің кәсіби бокстағы алғашқы кездесуін өткізді. Кездесу өткізгенде де тәжірибелі, соққылар тегеурінді, мықты боксшы, колумбиялық Милтон Нуньеске қарсы шықты. Жәнібек әйгілі колумбиялықты алғашқы раундта-ақ ұрып жықты.

«Біз әрине, Жәнібектің әуесқойлар арасында да танымал екенін жақсы білеміз. Ол түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы. Ал, оның кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегі расында да керемет болды. 23 жасар боксшы соққылар мен қимылдарды таңдауда өте жоғары дәрежедегі шеберлігін көрсетті», -деп жазады басылым.