«Асыл бесік — Ақсуат»: жеңімпаздарға көлік пен қомақты жүлде беріледі

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Спорттық жарыстардағы қомақты жүлде, өнер мен шығармашылықты таныту мүмкіндігі, ат спорты бойынша шеберлікті көрсету алаңы — мұның бәрі «Асыл бесік — Ақсуат» фестивалінің қатысушыларына ұсынылады.

Фото: «Асыл бесік — Ақсуат» фестивалінің ұйымдастыру комитеті

Фестиваль 5-7 маусым аралығында Абай облысының Ақсуат ауданында өтеді. Ауқымды іс-шара спорттық бәсекелермен қатар, өнер мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Фестиваль жеңімпазын бағалы сыйлықтар күтеді. Мәселен, 5 маусым күні Ырғызбай ата кесенесі маңында тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылады. Бас жүлде — 1 миллион теңге. Жүлде қоры тоғызыншы орынға дейін қарастырылған және әр жеңімпазға ақшалай сыйақы беріледі.

Фото: «Асыл бесік — Ақсуат» фестивалінің ұйымдастыру комитеті

Ат жарысы бойынша өтетін топ бәйге мен аламан бәйгенің жеңімпаздарына автокөлік табысталады. Екінші орын иегеріне — 2,5 миллион теңге, үшінші орынға — 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі.

Фото: «Асыл бесік — Ақсуат» фестивалінің ұйымдастыру комитеті

Сондай-ақ фестиваль аясында өңірдің әр ауданынан келген палуандар күш сынасады. Өгіз палуан және түйе палуан сайысының жеңімпаздары да автокөлік иеленеді. Жүлделі екінші және үшінші орынға ақшалай сыйлық қарастырылған.

Фото: «Асыл бесік — Ақсуат» фестивалінің ұйымдастыру комитеті

«Артық білім — кітапта» атты кітап оқу байқауының жеңімпаздарына да автокөлік пен ақшалай жүлде табысталады.

Фестиваль 7 маусым күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды гала-концертпен қорытындыланады.