Асылжан Арыстанбекова Астана турнирінің жеңімпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингіде 946-орындағы Асылжан Арыстанбекова жекелей сында Астана World Tennis Tour W15 Asu Open турнирінде топ жарды.

Фото: ҚТФ

Асылжан финалда әлемнің 673-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, оңтүстіккореялық Джан Су Джонмен чемпиондық атақты сарапқа салды.

А.Арыстанбекова 20-да болса, Джан Су Джон 2022 жылы әлемдік рейтингіде 114-орынға дейін көтерілген, Аустралия ашық чемпионатында ойнаған 31 жастағы тәжірибелі теннисші еді.

Бірінші партияда оңтүстіккореялық теннисші 2:0, 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен бұдан кейін Асылжан қатарынан бес гейм алды – 6:3.

Екінші сетте қазақстандық теннисші сол қарқынын жалғастырды – 4:0. Қарсыласы бір брейк жасағанымен, Асылжан матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:1. 

Осылайша, Асылжан Арыстанбекова спорттық жолындағы маңызды титулына қол жеткізді.

Ерлер арасында Дамир Жалғасбай финалда әлемнің 652-ракеткасы, жапониялық Сюнсукэ Мицуиге жол берді – 5:7, 2:6. 

Енді қазақстандық теннисшілер жұптық сында да финалда өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астана турнирінде Дамир Жалғасбай мен Асылжан Арыстанбекованың финалға жолдама алғанын жазған едік