Асылжан Арыстанбекова Астанада қатарынан 8 матчта жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 905-ракеткасы Асылжан Арыстанбекова Астанада өтіп жатқан ITF W15 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші жарыс барысында алдымен жапониялық Юка Хосокиді 6:1, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Асылжан екінші айналымда ресейлік Мария Ткачеваны айқын басымдылықпен ұтты – 6:3, 6:0.

Қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 1 021-сатыдағы ресейлік, жасөспірімдер арасында биылғы Уимблдон чемпионы Анна Пушкаревамен ойнады.

Бірінші партия 6:4 есебімен Асылжанның есебіне жазылды. Ол екінші сетте тай-брейкте өз мүмкіндігін жібермеді - 7:6 (7:4).

Асылжан Арыстанбекова финалға шығу үшін түркиялық Ирем Куртпен таласады.

Өткен аптада А.Арыстанбекова Астанада дәл осындай жарыста үздік шыққан еді. Соны қосқанда, Асылжан жеңіс сериясын 8 матчқа жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Торонто турнирінің финалында есе жібергенін жазған едік.