Асқар Әмрин Алматы әкімінің орынбасары қызметінен кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Асқар Әмрин Алматы әкімінің орынбасары қызметінен кетті. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
— 2025 жылғы 13 тамызда басқа лауазымға ауысуына байланысты Асқар Әмрин қала әкімінің орынбасары қызметінен кетті, — делінген хабарламада.
Оның орнына кім тағайындалатыны әзірше хабарланған жоқ.
Асқар Әмрин 1975 жылғы 1 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Полтавка ауылында туған.
Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін және АҚШ-тағы Cornell Law School оқу орнын бітірген.
Ол мемлекеттік қызметте Әділет және Қаржы министрліктерінде, Прокуратура аппаратында, сондай-ақ Астана әкімінің орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген.
2022 жылдың ақпанынан бері Алматы әкімінің орынбасары ретінде сәулет, қала құрылысы, қалалық мобильдік, энергетика, сумен қамту және қаржы салаларын қадағалады.
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімінің орынбасарлары Әлішер Әбдіқадыров пен Әсем Нүсіпова қызметінен кеткен еді.
2025 жылғы 19 маусымда Алматы әкімінің орынбасары лауазымына Олжас Смағұлов тағайындалды.