Асқар Мамин Байқоңырдағы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені құрылысы барысымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қызылорда облысында  болды, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Сапар барысында Асқар Мамин Байқоңыр қаласындағы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің құрылысын жүзеге асыру жобасының барысымен  танысты.

 

Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы 2004 жылдан бастап жүзеге асырылуда және «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза зымыран тасығыштарды ұшыру мақсатын көздейді. Жоба жүзеге асырылған жағдайда улы отын компоненттерін қолданатын  «Протон» зымыран тасығышынан  бас тартуға болады деп болжануда. «Бәйтерек» кешенінің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.

 

Бұдан бөлек, Асқар Мамин «Байқоңыр» кешеніндегі нысандарды  қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың атқарылу барысымен, сондай-ақ,   «Зенит» және «Протон» зымыран тасығыштарының сынақ корпустарын құрастыру жұмыстарымен танысты.