Асқар Мамин ірі көлік инфрақұрылымы жобаларының іске асырылуын тексерді
Ұзындығы 768 шақырым болатын (Шығыс Қазақстан облысының аумағы бойынша – 454 км, Алматы облысының аумағы бойынша – 314 км) «Өскемен-Талдықорған» автожолын салу жобасы бойынша Үкімет басшысына негізгі жұмыстардың аяқталғаны және жыл соңына дейін автомобиль қозғалысының ашылатыны туралы баяндалды. Ұзындығы 415 шақырымға созылатын «Қалбатау-Майқапшағай» тас жолын реконструкциялау жобасы бойынша 127 шақырым жолда қозғалыс ашылды, жұмыстарды 2022 жылы толық аяқтау жоспарланғанғ деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Үшарал-Достық» автожолы бойынша 180 шақырымнан 145 шақырым жол пайдалануға берілді, жұмыстарды 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында толық аяқтау жоспарланған.
Қарағанды облысында Премьер-Министр жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Күрті-Қапшағай» автомобиль жолын реконструкциялау барысын тексерді.
Биыл төрт жолақты жол бойынша 765 шақырым жолда қозғалыс қамтамасыз етіледі. «Меркі-Бурылбайтал» (262 км) автожолы бойынша қозғалыс толық ашылады.
Өскемен қаласында Үкімет басшысына халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялаудың аяқталғаны туралы баяндалды – ҰҚЖ ұзындығы 2800 м дейін, ені 60 м дейін ұлғайтылды. Асфальтбетон жабынын толық ауыстыру жүргізілді, жарық-сигналдық жабдықтың жаңа жүйесі орнатылды. 30 тонналық жүк терминалының және 100 тонналық уақытша жүк сақтау қоймасының құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, Премьер-Министрге Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау барысы туралы баяндалды, ол 2022 жылғы 1 мамырда аяқталады.