Асқар Мамин Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысын бастап берді
16:37, 08 Маусым 2021
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Атырау облысына жұмыс сапары аясында мұнай-газ химиясы және мұнай-газ машинасын жасау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Қашаған кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысы – газ өңдеу зауытының құрылысын бастап берді. Кәсіпорынның өңдеу қуаты жылына 1 млрд м³ дейін шикі күкіртті газды құрайды, одан 815 млн м³ тауарлық газ және 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тонна күкірт және 35 мың тонна газ конденсаты өндірілетін болады. Оны 2023 жылғы 4 тоқсанда пайдалануға беру көзделген.
Үкімет басшысы биыл сәуір айында Полипропилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешенінің жұмысын қамтамасыз ету үшін азот және сығылған құрғақ ауа шығаратын қондырғысының құрылысын аяқтаған «Эр Ликид Қарабатан Тех Газы» Қазақстан-Француз бірлескен кәсіпорнына барды. Зауыттың қуаттылығы 8 мың нм3/с азот және 8,1 мың нм3/с сығылған құрғақ ауаны құрайды. А. Мамин 2020 жылғы тамызда пайдалануға берілген қуаты жылына 36 мың м² грейтинг және 60 мың тонна мырыштауды құрайтын «Атыраумұнаймаш» ЖШС грейтинг және ыстықтай мырыштау цехының жұмысымен танысты. «Каспий мұнай» ЖШС аралау барысында Премьер-Министрге Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Айранкөл» кен орнын 2019-2021 жылдары жүргізілген цифрландырудың нәтижелері таныстырылды – мұнай өндіру 10%-ға артты, шығындар 30%-ға азайды, операциялық қызмет 80%-ға жетілдірілді, мұнай қалдықтарының көлемі қысқартылды, пандемия кезеңінде кен орнын қашықтан бақылау және басқару мүмкіндігі енгізілді..
Сапар барысында Үкімет басшысы бекіре балығын өсіретін «Kaspi Bekiresi Limited» балық өсіру шаруашылығының қызметімен танысты. Қысқа мерзімді кезеңде кәсіпорынның өндіріс көлемін жылына 30 тонна балық еті мен 3 тонна уылдырыққа дейін жеткізу жоспарлануда. Премьер-Министрге сондай-ақ Атырау қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту туралы баяндалды.
Жұмыс сапарына Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов және т. б. қатысты.