Асқар Мамин Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарын тексерді
Мақтаарал ауданында Асқар Мамин тұрғындармен кездесулер өткізіп, Нұрлыжол және Өргебас ауылдарындағы қираған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Мырзакент ауылында су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасыға арналған жаңа шағын ауданның құрылысымен танысты.
Түркістан қаласында Премьер- Министр жаңбырлатып суару технологиясын енгізумен ауыл шаруашылығындағы ирригация желілерін жаңғырту және тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстарымен танысты.
Үкімет басшысы Түркістан қаласындағы жетекші ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің егіс алқаптарын, материалдық-техникалық базасы мен өнімдерін көріп, жергілікті фермелермен кездесуде өңірдегі агроөнеркәсіп бизнесін одан әрі дамыту бойынша жоспарды талқылады.
Премьер-Министр Түркістан қаласындағы көлік, әкімшілік, әлеуметтік-мәдени және туристік инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстарының барысын тексерді.