Асқар Мамин Ресей Үкіметінің төрағасымен Мәскеуде келіссөз жүргізді

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика салаларындағы, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперациядағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселесін талқылады.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. COVID-19 індетінің таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикасы үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларға ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар Мәскеу қаласына сапар барысында ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің Ресейдің орталық мемлекеттік органдарының, мемлекеттік корпорациялары мен қаржы-банк құрылымдарының басшылығымен кездесулері жоспарланған.