Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жарысқа Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінің командалары қатысты.
Турнир басталар алдында жиналғандар Астана қаласы ТЖ департаментінің өрт сөндірушісі Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті атынан Біржан сал ауданының тұрғындары мен әкіміне осы жарысты Асқар батырдың туған жерінде өткізуге мүмкіндік бергені үшін және қатысушыларға шақыруды қабыл алып, турнирге қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Бүгінгі спорт мерекесіне қатысып отырған Асқардың туған-туыстарына, достары мен әріптестеріне үлкен алғысымды білдіремін», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды қарағандылық құтқарушылар, екінші орынды Павлодар облысы, ал үшінші орынды ақмолалық құтқарушылар иеленді.
Айта кетейік, 2022 жылдың 16 қарашасында Астанада 15 қабатты үйден өрт шықты. Салдарынан 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түсті. Бірнеше адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. 20 қарашада ол астаналық ауруханада қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескен болатын.
Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 20 желтоқсанда оған «Алтын адам» сыйлығы табыс етілді.
28 желтоқсанда Астана қалалық мәслихаты шешімімен ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі жаңа көшеге берілді.