Асқар Жұмағалиев: Цифрландыру - заман талабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев БАҚ жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды АКМ баспасөз қызметі.

Бейресми кездесу барысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

«Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Үкімет тарапынан мемлекеттік бағдарлама жасалған болатын. Өз жолдауында Президент ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу қажеттігін айтты. Цифрландыру - заман талабы. Қазіргі таңда цифрлік технологиясыз жетістікке жеткен кәсіпорынды елестету мүмкін емес, ондай өндірушілер тауарының сапасы мен бағасында ұтылып, бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Ойлап көріңіздер, өндірісте 10% адами факторға яғни адамның қателіктеріне байланысты. Цифрлік технологиялар мұндай жағдайды болдырмайды», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Асқар Жұмағалиев әріптестердің біршама қызық сауалдар қойғанын, нақтырақ айтқанда, кадрларды даярлау, инфрақұрылымның дайындығы мен БАҚ-тың өзін цифрландыру мәселелері талқыланғанын айта кетті.

«Менің ойымша, біз қалаймыз ба, жоқ па - ақпараттық технологиялар күннен-күнге біздің өмірімізге дендеп еніп бара жатқанын барлық қатысушылар түйсінеді. Әлемдік трендтерден қалыспаудың маңызы зор. Әлбетте, бағдарламаның табысы халықты көптеп тартумен тікелей байланысты болғандықтан, бұл процесте БАҚ-тың рөлі аса зор. Біз әрбір қазақстандық «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы туралы шынайы әрі маңызды ақпаратқа қол жеткізе білуі үшін жобалар туралы мәлімет пен ой бөлісуге, түсіндіруге, сауалдарға жауап беруге  дайынбыз», - деді вице-премьер.

Өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының денсаулық сақтаудан бастап, өндіріске дейін барлық саланы қамтитыны туралы айта келе, жобаларды кешенді түрде жүзеге асыру керектігіне баса назар аударды.    

Кездесу барысында «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев жобаны жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстың басталып кеткендігін және әр мемлекеттік органда бағдарламаның жүзеге асырылу барысын қадағалап отыратын цифрландыруға жауапты кеңсе құрылғандығын айтты.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бекітілген болатын. Бағдарламаның негізгі міндеті - дамыған, цифрлы технологиялар арқылы ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, экономиканың бәсекеге қабілеттігін арттыру болып табылады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша ақпараттық технологияларды экономиканың бес бағыты бойынша енгізу көзделуде. Олар: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру». Аталған бағыттар бойынша 2018-2022 жылдары аралығында 120 іс-шара жүзеге асырылады.