Асқар Жүсібалиев Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшы қызметіне Асқар Жүсібалиев тағайындалды.
Ол бұған дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Ақтөбе облысының басқармаларында ауыс-түйіс басталды. Бүгін ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне Асқар Қазиханұлы Жүсібалиев тағайындалды.
Асқар Жүсібалиев 1963 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. 1985 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «Агрономия», 2008 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Есеп және аудит», 2020 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1980 жылы Ақтөбе облысының Исатай совхозында жұмысшы болып бастаған.
1985–1991 жылдары аралығында «Ақырап» кеңшарының агрономы, «Ақырап» кеңшарының Қазақстан Жастар одағы Лениндік комитетінің хатшысы, Исатай аудандық Коммунистік партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, Қобда аудандық Коммунистік партия комитетінің ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің нұсқаушысы болып жасаған.
— 1991–2011 жылдары аралығында Қобда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, Қобда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, «Бестау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясының бастығы болып қызмет еткен. 2011–2024 жылдары аралығында Қобда, Темір, Қарғалы аудандарын басқарған, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Асқар Жүсібалиев төрт ай бұрын ғана Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған еді.