«Кеше ғана кезектен тыс сайлау өтетіні туралы үндеу жарияланғаннан кейін қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл да демократиялық қоғамның бір белгісі екенін көріп отырмыз. Себебі, бұл - елдің тағдыры, келешегі. Әртүрлі пікірлер болуы мүмкін, болуы да тиіс. Елдің болашағына үміт артатын өз азаматтарымыздың ішінен халқымыз бірін таңдайды. Ел ішіндегі соңғы жаңалықтарды басқа елдермен салыстырып жатқандар да жоқ емес. Бірақ, әр мемлекеттің өзіндік тағдыры мен тарихы, қалыптасу қағидаты бар. Сол себепті, басқа елдермен салыстыру - аса қажет емес. Біздің тарихымызда болып жатқан және болатын нәрселер тек бізге қатысты екенін айта кеткен жөн. Ең маңыздысы - 9 маусымда ел болып, сайлауға атсалысып, келешектің мүддесі үшін шешім қабылдаймыз деген сенімдеміз», - деді Аскер Пириев елордада өткен ҚХА кеңейтілген отырысы алдында ҚазАқпарат тілшісіне.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.