Әскерді жаңғырту үшін жасанды интеллект жүйесіне басымдық беру керек – Ким Чен Ын

Фото: Фото: m.thepaper.cn

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Кореяның жетекшісі Ким Чен Ын 25-26 наурыз күндері елдің ұшқышсыз авиация технологиялық кешені мен радиоэлектрондық барлау және электрондық соғыс жөніндегі ғылыми-зерттеу командасының жұмысын тексерді. Бұл туралы The Paper ақпараттық порталы хабарлады. 

Ким Чен Ын аталған кешенге қарасты зерттеу институты мен кәсіпорындардың әртүрлі ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) әзірлеу және өндіру барысымен танысып, тиісті функционалды сынақты бақылады. 

Агенттіктің жазуынша, жүргізілген сынақтар әралуан стратегиялық нысандар мен теңіздегі және құрлықтағы жау әскерінің қозғалысын бақылауға арналған барлау дрондарының жаңа түрлерінің қабілетін растады. Сонымен қатар әртүрлі тактикалық шабуылдарды жүзеге асыруға арналған камикадзе дрондарының соққы жасау мүмкіндігі де көрсетілді. 

Ким Чен Ын сондай-ақ жасанды интеллект (AI) технологиясымен жабдықталған камикадзе дрондарының функционалды сынағын бақылады әрі әскери күштерді жаңғырту барысында дрондар мен жасанды интеллект жүйесін дамытуға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Ол жаңадан әзірленген радиоэлектрондық соққы беру жүйесіне ризашылық білдірген. 

Солтүстік Кореяның ақпарат құралдары жариялаған фотосуреттерден елде бірнеше түрлі камикадзе дрондарының әзірленгенін байқауға болады. Дегенмен құпиялылықты сақтау мақсатында суреттер өңделіп, кей тұстары көлегейленген. Суреттерден белгілі болғандай, сынақ барысында бұл дрондар танктер мен дөңгелекті-бронды техникалардың макетіне дәлме-дәл соққы жасаған. 

Сонымен қатар Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Солтүстік Корея алғаш рет радиолокациялық барлау ұшағын ресми түрде таныстырды. Бұл ұшақтың жаңа мүмкіндіктері әуе шабуылына қарсы ескірген қорғаныс жүйесін жақсартуға ықпал етуі ықтимал. 

Бұған дейін сарапшылар спутниктік суреттерді зерттеу арқылы Солтүстік Корея ресейлік Ил-76 әскери-көлік ұшағын радиолокациялық барлау мақсатында жаңғыртып жатқанын болжаған болатын. 

Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған баяндамасында мұндай ұшақ Солтүстік Кореяның құрлықтағы радиолокациялық жүйесін күшейтуге көмектесетінін, алайда бұл жүйенің кей сәттерде Корей түбегінің таулы-қырлы жер бедеріне байланысты шектеуге тап болатынын атап өткен еді. 

Оңтүстік Корея әскери ведомствосының мәлімдеуінше, бұл ұшақтың нақты жауынгерлік мүмкіндігі қазірше белгісіз. Алайда, тұрпаты ірі, салмағы ауыр болғандықтан, «оның көзін жою оңайға түсуі мүмкін».