Әскерде жүріп комаға түскен Ербаян Мұхтарды Қазақстан медицинасы аяққа тұрғыза ала ма – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында әскерде жүріп комаға түскен Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың жағдайы туралы пікір білдірді.
- Жағдайы тұрақты. Қосымша оңалту-медициналық қызметтерді алу қажет болғанына байланысты күні кеше Ербаянды Ұлттық медициналық орталығына жатқыздық. Қасында әкесі бар. Ауруына байланысты тиісті көмекті алып жатыр, - деді Ақмарал Әлназарова.
Журналист Қазақстан медицинасы жас жігітті аяққа тұрғызуға қаншалықты қауқарлы екенін сұрады.
- Бүгінгі таңда оның диагнозы өте қиын. Жарақатпен бірге инфекцияның болғанын айта кетуіміз керек. Сондықтан тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Түркияға да барып келді. Қазір өзіміз қосымша қарап жатырмыз. Қажет болса, Түркияға бола ма, басқа мемлекет бола ма, барып емделуге көмек көрсету мәселесін, ұйымдастыру жұмыстарын ата-анасымен талқыладық. Олар Қазақстанда ем алуға келісімдерін берді. Алдын ала болжам жасамай-ақ, қажетті көмектің толық беріліп жатқанын мәлімдеймін, - деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, әскерде жүріп, басынан жарақат алған Ұлттық ұланның қатардағы жауынгері Ербаян Мұхтар бірнеше ай бойы комада жатқан болатын.
Жыл басында ол Ыстанбұлдағы емінің алғашқы кезеңін аяқтап, Астанаға оралған.