Әскердегі әлімжеттік: Президент Ұлттық ұлан сарбазына қатысты оқиғаны бақылауына алды

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының әскердегі әлімжеттікке қатысты Ішкі істер министріне шұғыл тапсырма жүктегенін мәлімдеді.

Жазбаға қарағанда, Президент белгісіз адамдардың Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғаны таспаланған бейнематериалмен танысып шыққан.

«Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі Президентке баяндалады. Мұндай жағдайлар бақылауға алынады», — делінген желідегі ақпаратта.

Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жас сарбаздардың денсаулығы мен абырой-беделіне қол сұғуға жол бермеу қажет екеніне назар аударғанын еске салады. Онда Президент бұл мәселеге әскери құрылымдардың басшылары тікелей жауапты екенін айтқан болатын.