Әскердің алдыңғы қалқаны – Танкистердің жауынгерлік міндеті қандай

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА.KAZINFORM – Екі күн бұрын Мемлекет басшысы әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар тапсырған еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтан марапат алғандардың арасында жас жауынгер Шыңғыс Бақыт та бар.

Әскери-теңіз бригадасының танк командирі ел Президентінен награда алатынына соңғы сәтке дейін сенбегенін айтады.

— Бір жұма бұрын «Астанаға барасың, Жоғарғы Бас Қолбасшыдан медаль аласың» деп айтты. Бірақ мен кешегі күнге дейін сенбедім. Кеше өз көзіммен көргеннен кейін ғана рас екенін түсіндім, — дейді Шыңғыс Бақыт.

Сарбаздың әскердегі қызметінің аяқталуына бір айға да жетпейтін уақыт қалды. Десе де, ол жауынгерлік міндетін әскерден кейін де жалғастырсам деген ниетте.

— Әскери борышымды өтеп жатқаныма 11 ай болды. Әскердегі өмірім тым тез өтті. Мұнда келгеніме мүлде өкінбеймін. 11 ай — 11 сағат секілді өте шықты. Қазір Ақтау қаласындағы 25744 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды атқарып жатырмын. Бұйырса, 20 күннен кейін үйде боламын. Бірақ алдағы уақытта әскери қызметті келісімшарт негізінде жалғастыру ойда бар, — дейді жауынгер.

Сарбаздар шебіне өз еркімен сұранып келген Шыңғыс Бақыт әскери өмірдің артықшылықтарын тізіп берді.

— Негізі әскердің пайдасы өте көп. Ең бірінші кезекте, сен мұнда өмірлік дос табасың. Екіншіден, мен танк жүргіземін, атамын. Ол нәрсені қарапайым өмірде орындау мүмкін емес қой. Әскер бізге осындай мүмкіндік береді. Үшінші пайдасы — бұл дисциплина. Көп нәрсені өз уақытында істеуге үйренесің. Негізі айта берсең, жақсы жақтары көп, — дейді сарбаз.

41 тонналық техниканы басқаратын танк командирі өз жұмысының қыр-сырын баяндады.

— Танк деген — ол 41 тонналық үлкен жауынгерлік техника. Оған 3 адам отырады: механик-жүргізуші, көздеуші-оператор және танк командирі. Үшеуінің де атқаратын қызметі өте үлкен. Олар бір-бірінсіз жұмыс істей алмайды. Механик жүргізуші танкті жүргізеді. Көздеуші-оператор нысананы көздейді. Ал командир экипажға бағдар беріп отырады. Мен — танк командирімін. Танк негізінен екі бөлшектен тұрады: механик отыратын және көздеуші мен командир отыратын бөлік. Механик тек алдын ғана көре алады. Көздеуші танктің мұнарасын қалай бұрса, сол жерді ғана көреді. Ал мен 360 градуста көре беремін. Себебі, менің алдымда арнайы басқару панелі тұрады. Сол танктің айналасын 360 градусқа көрсетеді, — дейді ол.

Танк командирі әскери іс-қимыл кезінде танк қызметінің маңызын түсіндірді.

— Танкистерді ең әуелі арнайы аппараттарда оқытып, жаттықтырады. Сені бірден шынайы танкке отырғызбайды. Бастапқыда арнайы тренажёрларда үйретеді. Бірінші жүргізіп көресің, сосын атып көресің. Екеуін де жақсы істеп жатсаң, сені танк командирі қызметіне тағайындайды. Танк әскери нысандарды жоюға, қарсылық шабуыл жасауға және өзге танктермен ұрыс жүргізуге арналған. Құдай сақтасын, әрине, жау келе жатса, алдыңғы шепте қалған болып біз шығамыз, — дейді Шыңғыс Бақыт.

Айта кетейік, Астанада өткен әскери парадқа ел өңірінен соғыс ардагерлері келді.