Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар бойынша өтіп жатқан тікелей желіде ел азаматтарынан келіп түскен сұрақтарға жауап беру барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының атына жолданған сауалдарда еліміздің әскери қызметі, қорғаныс саласы және Қазақстан армиясы мәселелері де қамтылыпты. Осы мазмұндас бір сұрақта еліміздің әрбір облысында әскерге шақырылатындар үшін әскери қызмет туралы оқытатын алғашқы дайындық қосындарын ашу жайында сұраған екен.
«Бұл - өте маңызды сауал. Қазақстанның Қарулы күштері, бұл - тәуелсіздігіміз бен еліміздің қауіпсіздігі. Тәуелсіздікті қорғап, сақтау керек. Сондықтан да, Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде және өзімнің конституциялық міндеттеріме сәйкес, мен қорғаныс мәселесімен жіті айналысып келемін. Ал әскерге дайындық қосындарына келетін болсақ, бұл бір кездері қолданылған өте жақсы әдіс болатын. Яғни, бір жылдары әскерге шақырылғанға дейін осындай алғашқы дайындықтан өтетінбіз. Бұл мәселені зерттеу керек. Егер қажет болса, бұған қайтып оралуға да болады», деді Елбасы.