- Әскерге шақырту алған сарбаз борышын өтейтін әскери бөлімді өзі таңдай ала ма? Мысалы, ол өзі туған өлкедегі бөлімді борышын өтегісі келсе, рұқсат етіле ме, - деген сұрақ қойылды эфир барысында.
Қарулы күштердің Бас штаб өкілі заңда ондай жеңілдік қарастырылмағанын айтты.
- Әлбетте, заңнамада ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Бірінші әскери комиссия әр сарбазды іріктеп, зерделейді. Сол кезде оның алған білім санатына, денсаулық жағдайына, жеке басының қасиеттеріне қарап комиссия мамандары жан-жаққа бөледі. Яғни, әскери бөлімді сарбаздың өзі таңдау деген мәселе қарастырылмаған. Бірақ менің білуімше, кейде командалардың әскери бөлімдері жекелеген шешімдер қабылдап жатады. Ондай сирек болады, - деді ол.
Дегенмен Қорғаныс министрлігі бұл бағытта бірқатар өзгерістерді сынақтан өткізіп жатқан көрінеді.
- Жоғарғы басшылықтың қойған талабы бойынша соңғы шақырылымдарда әскери борышты аймақтық принцип бойынша атқару дұрыс деп есептеледі. Ондай бетбұрыс бар. Қазір жергілікті әскери басқару органдары осы принципке біртіндеп көшіп келеді, - деді Қарулы күштердің аға офицері.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта ғана әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойған еді.