Әскерге шақырылғандардың денсаулығына қойылатын талаптар жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі әскери қызметке шақырылатын азаматтардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды өзгертті.
Жаңартылған ережелер Қазақстан Республикасының Қарулы Күші, басқа да әскерлер мен әскери құрамада міндетін өтейтін барлық азаматқа қатысты. Тиісті өзгерістер 2025 жылғы 30 маусымдағы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілді.
Азаматтардың әскери қызметке жарамдылық деңгейі бірнеше графа бойынша анықталады:
I графа
— әскери учаскелерге тіркеу кезінде;
— мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде;
— Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша өтеусіз дайындықтан өту үшін іріктелген азаматтарға;
— әскери оқу орындарына (мектептерге), жалпы орта білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын жоғары оқу орындарына түсу кезінде және олардың тәрбиеленушілеріне қатысты.
II графа
— техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын жоғары оқу орындарына түсетін (оқитын) азаматтарға (әскери қызметшілерге);
— әскери кафедралар мен факультеттерге түсетін және оқитын азаматтарға;
— қатардағы және сержанттар құрамынан, сондай-ақ әскери атағы жоқ әйелдер арасынан келісімшарт бойынша әскери қызметке түсу кезінде;
— қордағы қатардағы және сержанттар құрамынан резервтегі әскери қызметке түсу кезінде;
— резервтегі әскери қызметті қатардағы және сержанттар лауазымдарында өтеп жүрген әскери қызметшілерге;
— Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша ақылы негізде дайындыққа іріктелген азаматтарға;
— мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге;
— келісімшартқа қол қойылғанға дейін жоғары оқу орнының курсанттары мен кадеттеріне;
— әскери жиындарға шақырылған қордағы қатардағы және сержанттар құрамына, оларды есепке алу мақсатында.
III графа
— қордағы офицерлерге — әскери қызметке шақырылу және келісімшарт немесе резервтегі әскери қызметке түсу кезінде;
— резервтегі әскери қызметті офицер лауазымдарында өтеп жүрген әскери қызметшілерге;
— келісімшарт бойынша қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілерге;
— шақыру бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген офицерлерге;
— жоғары оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін әскери қызметшілерге;
— әскери қызмет өткеру туралы келісімшартқа қол қойғаннан кейінгі курсанттарға (кадеттерге);
— әскери жиындарға шақырылған қордағы офицерлерге, оларды есепке алу мақсатында.
IV графа
— келісімшарт және резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген немесе оған түскен әскери қызметшілерге, десанттық-шабуылдау әскерлерінде (ДШӘ), әскери-теңіз күштерінде (ӘТК), арнайы мақсаттағы бөлімдерде (АМБ) қызмет ететін шақыру бойынша офицерлерге — бұл талаптар арнайы мақсаттағы бөлімдерге, теңіз жаяу әскерлеріне, десанттық-шабуылдау және барлау бөлімшелеріне, жауынгер жүзгіштер мен сүңгуірлер құрамына, сондай-ақ кемелер мен теңіз көліктерінің экипаждарына қатысты;
— танктер мен басқа да машиналарды су астында жүргізуге және теңізге шығуға тартылатын әскери жиындарға шақырылған азаматтарға.
Жарамдылық санаттары:
А — әскери қызметке жарамды;
Б — әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды;
В — әскери қызметке шектеулі жарамды (келісімшарт немесе резервтегі қызмет өткерушілерге, шақырылған офицерлерге қатысты);
Г — уақытша жарамсыз;
Д — бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
Е — әскери есептен шығарылып, әскери қызметке жарамсыз;
ЖЗ — жеке әскери-есептік мамандықтар бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің түрлері мен әскер тектеріндегі, сондай-ақ басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке жарамсыз, әскери оқуға түсуге жарамсыз, зиянды факторлармен әскери қызметке жарамсыз;
В-ДЕРБ — Қазақстан Республикасының Қарулы Күші, басқа да әскери құрылымдарындағы қызметке жарамдылығы дербес айқындалады және Б немесе В жарамды;
ДЕРБ — жеке әскери-есептік мамандықтар бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің түрлеріндегі және әскер, сондай-ақ басқа да әскери құрылымдарындағы зиянды факторлармен қызметке жарамдылығы дербес айқындалады.
Мерзімді әскери қызметшілер үшін «Б» жарамдылық санаты десанттық-шабуылдау әскерлерінде жарамсыз.
«Г» жарамдылық санаты келісімшарт бойынша әскери қызмет етуге, әскери оқуға түсуге жарамсыз, ал В, Д, және Е жарамдылық санаттары әскери оқуға және мектептерде білім алуға жарамсыз.
Бұйрық 2025 жылғы 21 шілдеде күшіне енеді.
Айта кетелік елімізде сарбаздарға кредит беруге тыйым салу механизмі әзірленген еді.