Әскерге шақыру барысы: Неліктен кейбір азамат күштеп жеткізіледі

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде әскерге шақырту жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізу туралы бейнематериалдарға байланысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді. 

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда бұл кезеңде кейбір азаматтың әскери қызметтен жалтаруы немесе шақырту қағазын алған соң белгіленген уақытта келмеуі сияқты мәселелер туындайды. 

— Мұндай жағдайлардың туындауына азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе мекенжайын уақтылы ауыстырмауы себеп болып жатады. Егер шақыру қағазын азаматтың өзіне табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізу ісін ішкі істер органдары жүзеге асырады, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ рейд барысында полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған кейбір азаматтың мәжбүрлі түрде жеткізілетінін атап өтті. 

— Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататыны немесе жатпайтыны анықталады. Егер заңды негіздер болмаса, олар үйлеріне жіберіледі. Ал шақыруға негіз болған жағдайда медициналық тексеруден өтіп, одан арғы шараларға қатысады, — деді министрліктің ресми өкілі.

Ведомство әскери міндеттен жалтарғаны үшін Қазақстан заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Бұған дейін, әскерге күштеп әкету әрекеті болса, сотқа жүгіну мүмкіндігі бар екенін жазғанбыз.