Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Баспалинов Ақмола облысы бойынша қорғаныс істері департаменті және Көкшетау қалалық қорғаныс істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, әскери ортада жемқорлықты алдын алу және шақыру комиссиясының жұмысын нығайту мәселелерін талқылады.
«Әскерге шақыру комиссиясының тиімді және кәсіби жұмысы бұл ұлттық қауіпсіздіктің кепілі. Бүгінгі таңда қазақстандықтарды әскер қызметіне шақыру шарасы ашық және таза өтуі тиіс. Ол үшін шақыру комиссиясының құрамына қоғам өкілдерін тарту қажет», деп атап өтті кездесуде Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Баспалинов.
Ақмола облысының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық бюро департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов нақтылы мысал келтіре отырып, жемқорлық қылмысы үшін жауапкершілікке тартылған әскери қызметкерлер туралы айтып берді.
«Шақыру қағазын берудің электронды жүйесін енгізу қажет. Бұл адами факторды азайтып, жүйенің тазалығын арттырады»,- деп түсіндірді Қуаныш Бекбасов.
Кездесуді қорытындылаған Ақмола облысы бойынша қорғаныс істері департаментінің басшысы, подполковник Руслан Қасымов әскери ортада ұсақ құқықбұзушылықты да назардан тыс қалдырмауды және қылмыстық іске төтенше жағдай ретінде қарау қажеттігін атап өтті.
«Қорғаныс саласында жемқорлық болмауы тиіс. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Арыңды нанға сатпа». Алайда, өкінішке орай, еліміздің қорғаныс күштерінде мұндай оқиға болып тұрады. Бұл әрине, әскери комиссарлардан бастау алады», - деп қорытындылады Р.Қасымов.