Әскерге шақырудан босатылу немесе кейінге қалдыру үшін не істеу керек – ШҚО мамандары кеңес береді
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру мемлекеттік қызметі Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы да, онлайн түрінде де көрсетіледі. Осылайша, жас азаматтар үйден шықпай-ақ электронды үкімет порталы арқылы өтініш бере алады.
Қызметті алу үшін порталда авторизациядан өтіп, «Қауіпсіздік» бөліміндегі «Шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну» қызметін таңдау қажет. Бұдан әрі ұсынылған және қосымша жолдарды толтыру, кейінге қалдыру немесе босату себебін көрсету, құжаттардың электронды көшірмелерін жүктеу және ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қою қажет. Өтінім 6 күн ішінде қаралады. Мемлекеттік мекеменің жауабы электронды порталдың жеке кабинетіне түседі.
«Осы жылы облыс тұрғындарының әскери қызметтен босатылуы немесе кейінге қалдырылуы туралы мәртебесін SMS-хабарлама арқылы білуге мүмкіндіктері бар. Бұл проактивті мемлекеттік қызмет азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдейді. Оларға артық құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Азамат Есембулов.
Айта кетейік, әскерге шақыруды кейінге қалдыру келесі себептер бойынша қарастырылған:
- отбасылық,
- оқуды жалғастырған жағдайда,
- денсаулығына байланысты.