Әскерге шақырылатын жастардың моральдық-психологиялық дайындығы жан-жақты тексеріледі - ҚР Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Соңғы кездері әскер қатарында жиілеп кеткен суицид оқиғалары салдарынан биыл әскерге шақырылатын жастардың моральдық-психологиялық дайындығы жан-жақты тексерілетін болады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Қайсар Мұғалов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, биыл қабылдау комиссиялары әскерге шақырылатын жастардың психологиясын жан-жақты зерттейтін болады. «Бұдан басқа, ішкі істер және тағы басқа құзіретті органдардан тиісті ақпарат алынады. Сондай-ақ анкеталық сауалнама жүргізіледі. Былайша айтқанда, әскерге шақырылатын жастың толық мінездемесі жасалады. Бұл соңғы кездері әскер қатарында жиілеп кеткен суицид оқиғаларына байланысты. Әрине, біз жастардың моральдық-психологиялық дайындығына ерекше көңіл бөлеміз. Себебі олар әскерге келген кезде мүлдем басқа тәртіпке тап болады. Осындайда кейбіреулер үшін ол жағдай қиынға соғады. Міне, осындай жастарды анықтау үшін арнайы психолог-мамандар жұмыс істейтін болады», - дейді Қ.Мұғалов.

ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Сәуле Смағұлованың хабарлауынша, биыл көктемгі науқан барысында әскер қатарына 16 мыңнан астам азамат шақырылады. 8 мың жас Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шақырылса, қалғандары Республикалық ұлан, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдеріне жіберіледі.