Әскери әндер байқауының бас жүлдесін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада шоғырланған ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жыл сайынғы «Жас ұлан» армия әндері фестивалі өтті. Ән байқауы 1997 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, әскери оқу орындары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің әскери қызметшілері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, жоғары сынып оқушылары көрермендерді тәнті етті. Фестивальға қатысушылар үш аталым бойынша өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Орындаушы-вокалистер», «Фольклорлық орындаушылар», «Вокалды-аспаптық ансамбльдер мен орындаушылар».

Байқау шарттарына әскери тақырыптағы шығарманы, қазақстандық сазгерлердің немесе орындаушылардың туындыларын, жеке (авторлық) музыкалық шығармаларды, сондай-ақ, фольклорлық жанрды орындау кірді.

 

XVIII республикалық «Жас ұлан» армия әндері фестивалінің қорытындысы бойынша бас жүлде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына табыс етілді.  «Вокалды-аспаптық ансамблі» номинациясында 1-орынды «Арыстан» мектеп-лицейінің вокалды тобы, «Фольклор» номинациясында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы және «Вокал» аталымында Әли Көптілеу (Астана қ. Қорғаныс істері жөніндегі департаменті) жеңіп алды.  

Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі дарынды жастар, жалпы білім беру мектептерінің, лицейлерінің оқушылары, колледж студенттері, жас патриоттар XVIIIреспубликалық «Жас ұлан» армия әндері фестивалінің қатысушылары дипломдарымен марапатталды.