Бұл туралы ол бүгін «Әскери қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» атты жинақтың таныстырылымы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның осы мәселеге байланысты әскерилер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сүйене отырып айтқан сөздеріне қарағанда, қазір елдегі әскери азаматтардың 25 пайызы ұрпақтарының өздерінің жолын жалғастыруын қаламайды. «Өйткені елде әскер саласында жүрген азаматтардың әлеуметтік жағдайлары көңіл толтырарлықтай емес. Ал бізде кезінде бірнеше ұрпағы әскер саласында қызмет ететін дәстүр болған және ол өте мәртебелі іс еді», деді төрағаның орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, осындай кемшіліктердің салдарынан елдегі бірқатар әскери шенділер басқа құрылымдарға, кей жағдайда тіпті әскер саласына мүлдем қатысы жоқ саладан қызмет іздеуге
мәжбүр. «Кеше ғана Мемлекет басшысы Жолдауында күш-қуат құрылымдарының қызметінде қоғамдық бақылау, парламенттік бақылаудың болуы қажеттігін атап көрсетті. Сондықтан қазір осы тектес мәселелерге «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі сияқты ұйымдар да атсалысуы қажет деген ойдамын», деді Т.Айжолов.