Әскери басшылар Қазақстан Республикасының әскери доктринасын талқылады

None
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылық құрамының қатысуымен ғылыми-теориялық конференция өтті.

Әскери басшылар екі күнге созылған жиында Қазақстан Республикасының әскери доктринасы төңірегінде ой бөлісті.Онда доктринаның өзектілігі, оны жүзеге асыру нәтижелері мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін 2020 жылға дейін дамытудағы негізгі бағыттар талқыланды.

- Қазақстан әскерінің құрылысына жасалған талдау 2007-2012 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен Әскери доктрина Президент - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың талаптарына сәйкес орындалып жатқанын көрсетеді. Қорғаныс министрлігі ұтқыр, жақсы даярланған және техникалық жағынан жабдықталған Қарулы Күштерді құру бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруды толықтай орындады, - деп атап өтті қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков өз сөзінде.

Конференция барысында жетекшілік құрам дүниежүзіндегі және аймақтағы әскери-саяси жағдайды, туындауы мүмкін соғыстар мен қарулы қақтығыстардың сипаты мен маңызын талдады. Мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мен армияны дамытудың негізгі бағыттарына қорытынды жасалды. Сондай-ақ, жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясының (әскери қауіпсіздіктің), Әскери доктринаның, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін дамыту тұжырымдамасының ұзақ мерзімді басымдық жобаларын әзірлеудің әдістемелік негізі талқыланды.

- Келешекте Әскери доктрина талап еткендей, Қарулы Күштердің сапалық параметрлерін жақсартуға ерекше назар аударылатын болады. Себебі, жақсы жабдықталған армия әр уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ең маңызды құрал болып табылады. Қарулы Күштеріміздің бүгінгі келбеті қазіргі заманға сай, ұрысқа жарамды, еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті армия құрылып, ары қарай дамып жатқанын растайды, - деді өз сөзін түйіндеген Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков.