Әскери билетті беру және әскери есепке алу үдерісі: елімізде қандай өзгерістер енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізді. Әскери билеттерді беру тәртібіне, әскери қызмет туралы мәліметтерді түзетуге және мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысты өзгерістерді назарыңызға ұсынамыз.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаңа қағидаларға сәйкес, бейбіт уақытта әскери билеттер Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылған азаматтарға беріледі. Сондай-ақ, әскери және арнаулы оқу орындарына түскен, ақылы негізде әскери даярлық резервінен өткен немесе запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлаудың толық курсынан аяқтаған азаматтарға да әскери билет беріледі.

Әскери билеттерді облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың қорғаныс істері жөніндегі басқармалары да береді. Оны белгіленген еңбек сіңіру мерзімін өтегеннен кейін әскери қызметтен, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен босатылған азаматтар ала алады.

Бұл тәртіп бұрын белгіленген мерзімде қызмет өткеріп, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға, тиісті қызметті өткергеннен кейін басқа мемлекеттерден келіп, Қазақстан азаматтығын алған азаматтарға, сондай-ақ әскери атағы қалпына келтірілген адамдарға да қолданылады.

Әскери және арнаулы оқу орындарына түскен азаматтарға әскери билет берудің жеке тәртібі қарастырылған. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттарға арналған әскери билеттердің бланкілерін оқу орындарының қабылдау туралы бұйрықтарынан алынған үзінділер негізінде жолдаған сұрау салуы бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармалар береді.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Құжаттарды алғаннан кейін басқармалар Қорғаныс министрлігінің Орталық жүйесі арқылы азаматтарға бұрын әскери билет берілген-берілмегенін тексереді. Егер азамат бұрын мұндай құжат алмаған болса, әскери билет бланкісі толтырылып, беру тізімдемесі жасалады. Содан кейін ол әскери билетпен бірге оқу орнына жіберіледі.

Тізімдеме екі данада жасалады. Екінші данасы берілмеген бланкілермен бірге құжаттар тапсырылған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей қорғаныс істері жөніндегі басқармаға қайтарылуы тиіс. Егер азаматтың әскери билеті бұрыннан бар болса, оның электрондық есеп карточкасындағы мәртебе «Әскери және арнаулы оқу орындарына түсуіне байланысты есептен шығарылды» деп өзгертіледі.

Түзетулер жеке деректер өзгерген кезде әскери билеттердегі мәліметтерді жаңартуды да көздейді. Егер цифрлық жүйелер арқылы азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе туған жері өзгергені туралы ақпарат түссе, оған мобильді телефон нөмірі немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы хабарлама жіберіледі.

Азамат өтініш білдірген жағдайда қорғаныс істері жөніндегі басқарма тиісті жазбаларды бір сағат ішінде енгізеді. Өзгерістер елтаңбалы мөрмен куәландырылады.

Ал әскери қызмет өткермеген, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда немесе азаматтық қорғау органдарында қызмет етпеген, ақылы негізде әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша оқымаған, сондай-ақ запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау курсынан өтпеген азаматтарға әскери билеттер тек жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақытында ғана беріледі.

Әскери міндеттілерге әскери билеттерді немесе олардың телнұсқаларын беру жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі де өзгерді. Құжат алу үшін өтініш беру қажет. Құжаттар келіп түскен күні қабылданып, тіркеледі және жауапты орындаушыға жолданады.

Орындаушы құжаттар топтамасын тексеріп, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін екі жұмыс күні қалғанда нәтижені басшының қол қоюына дайындайды. Егер өтініште немесе құжаттарда қателер, дәлсіздіктер, белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталса не құжаттар топтамасы толық болмаса, өтініш берушіге кемшіліктерді жою қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне тоқтатыла тұрады.

Ескертулер жойылғаннан кейін құжаттарды қайтадан хабарлама алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тапсыру қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінде офицерлер, қатардағы жауынгерлер мен сержанттарға әскери билет немесе оның телнұсқасы беріледі. Сондай-ақ дәлелді бас тарту ұсынылуы мүмкін.

Өтініш портал арқылы берілген жағдайда құжатты алу орны туралы ақпарат өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіліп, электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады. Құжаттарды беру Мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылады.

Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою тәртібі де нақтыланды. Егер өтініште немесе құжаттарда қателер, белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталса не құжаттар топтамасы толық болмаса, өтініш берушіге кемшіліктерді жою қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі екі жұмыс күніне тоқтатыла тұрады. Құжаттарды қайтадан хабарлама алынған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей тапсыру қажет.

Әскери қызмет өткеру туралы мәліметтерді өзектендіру және түзету тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Егер қорғаныс істері жөніндегі басқармада азаматтың әскери қызмет өткергені туралы, оның ішінде жеңілдік кезеңіндегі қызметі жөнінде мәліметтер болмаса, тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен архивтерге сұрау салулар жолданады. Қажет болған жағдайда басқа мемлекеттерге де сұрау жіберілуі мүмкін.

Мұндай жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 90 жұмыс күніне дейін ұзартылады. Азаматқа мерзімнің ұзартылғаны туралы хабарланады. Егер қателер, дәлсіздіктер немесе құжаттар топтамасының толық еместігі анықталса, өтініш берушіге тиісті хабарлама жіберіліп, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне тоқтатыла тұрады. Құжаттарды хабарлама алынғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қайта тапсыру қажет.

Сұрау салуға жауап түскеннен кейін қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мәліметтерді Қорғаныс министрлігінің Орталық жүйесіне енгізеді. Әлеуметтік қолдау алуға үміткер азаматтарға қосымша анықтама беріледі.

Бұдан бөлек, түзетулер әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша даярлау қағидаларына, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне куәлік беру тәртібіне, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскери қызметтен босату жөніндегі мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына енгізілді.

Бұйрық 2026 жылғы 14 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Әскери қызметшілер өтінішті анонимді жолдай алатынын жазғанбыз.