Әскери билетті заңсыз берген: БҚО-да қорғаныс бөлімінің қызметкері қамауға алынды

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкері бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен мәлім еткеніндей, қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

«Аталған лауазымды қызметкер әскерден жалтарғандарға әскери билеттерді заңсыз бергені үшін бірнеше рет пара алды делініп отыр. Күдікті тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да полиция қызметкері пара алды деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да көліктік бақылау инспекциясының үш қызметкері пара алды деген күдікке ілінді.