Әскери білім беру ордаларында жаңа интерактивті оқыту жүйесі енгізілді
Бүгін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, Генерал-майор Нұрлан Жоламанов Астанадағы Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Республикалық «Жас ұлан» мектебінде жаңа жүйенің таныстырылымын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жүйе бірыңғай ақпараттық-білім беру ортасын құруға бағытталған. Мультисервистік ақпараттық-білім беру ортасы жүйесі - оқу орындарының бір-бірімен интернет арқылы бейне байланыс орната алады. Сонымен қатар сабақ материалдарын бір базаға сандық негізде жинақтап отыруға болады. Оған 2007 жылдан бері кезең-кезең бойынша 1 млрд. астам теңге жұмсалған.
«Жаңадан енгізілген мультисервистік ақпараттық-білім беру ортасы жүйесі барлық әскери білім беру мекемелерінде енгізілген. Ол қазіргі уақытта білім үдерісін қамтамасыз етіп отыр. ЖОО-ның қорында бар оқу материалдарын интернет желісі арқылы барлық білім ордалары алып пайдалана алады. Жүйе мамандарға тиімді әрі сапалы білім беруге мүмкіндік береді», дейді Н. Жоламанов.
Жүйе арқылы әскери оқу орындарымен интерактивті бейнеселектор жиынын өткізген Н. Жоламанов елдегі оқу орындарына үндеу жариялап, оқу процесін жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.