Әскери бөлімнен қашқан жауынгерге қару ұрлаумен қатар, адам өлтірді деген де күдік тағылуда - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы 2177-әскери бөлімінен қашып кеткен жауынгер тек қару ұрлау бойынша ғана емес, адам өлтіру фактісі бойынша да күдікті деп табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР ІІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

«2177 ә/б жауынгері С.М. Дәуленбайға қатысты ІІМ «Оңтүстік» өңірлік әскери тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 96-шы бабы (кісі өлтіру) және 225-баптың 4-тармағы «б» тармақшасы (қару ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ҚР ҚПК-тің 132-бабы бойынша Алматы қалалық ІІД уақытша оқшаулау абақтысына қамалған. Тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, әскери бөлімнен қашып кеткен қатардағы жауынгер Серік Дәуленбайды ҚР ҰҚК шекара қызметі 19 қыркүйекте ұстаған болатын. Одан Макаров табельдік тапаншасы мен оқтар тәркіленген.