Қазіргі уақытта бұл жоба Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде, Гвардейск гарнизонның оқу орталығында, Астанадағы 68665 әскери бөлімінде және Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде енгізілді. Аталған әскери бөлімдерде тапсырыс рәсімдеу үшін жеткізуші тарапынан тегін негізде терминалдар мен планшеттер орнатылды. Алдағы уақытта планшеттер әскери бөлімдердің балансына беріледі.
— Voenmart — әскери тұрмысты ұйымдастырудың жаңа деңгейі. Цифрлық форматтың арқасында әскери қызметшілер қажетті тауарларға ыңғайлы әрі жедел қол жеткізе алады. Бұл әскери қызмет жағдайларын жайлы етіп, заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді, — деді ҚР Қорғаныс министрлігі Ақпараттық технологиялар департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Маханов.
Voenmart жүйесі сарбаздарға қажетті тауарларға тапсырыс беріп, оларды әскери бөлім аумағына тегін жеткізу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар жеткізілетін өнімдердің сапасын бақылаудың көп деңгейлі жүйесі қарастырылған. Сондай-ақ тапсырыстарды есепке алу мен бақылаудың ашық жүйесі жұмыс істейді. Ол өз кезегінде әскери қызметшілер рәсімдеген тапсырыстарды бақылауға мүмкіндік береді.
Әскери бөлімдердегі дәстүрлі сауда нүктелерінен айырмашылығы — Voenmart ассортименті айтарлықтай кеңейтілген. Мұнда жеке гигиена құралдары, тігін бұйымдары және басқа да қажетті заттармен қатар, әскери қызметшілерге жаңа піскен жемістер, шырындар, танымал тіскебасарлар, нан өнімдері және күнделікті сұранысқа ие басқа да тауарлар қолжетімді.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі — ыстық тағамдарды жеткізу қызметінің ұйымдастырылуы. Әскери қызметшілер бәліш, бургер, пицца және басқа да тағамдарға тапсырыс бере алады, әрі олар ыстық күйінде жеткізіледі.
Бұл жерде маңызды артықшылықтардың бірі — жеткізудің тегін болуы. Әскери қызметшілер қосымша комиссиялар мен қызмет көрсету төлемдерінсіз тек тауардың өз бағасын ғана төлейді. Бұл қызметті сарбаздар үшін барынша қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба нәтижесі бойынша оның тиімділігі бағаланып, кейіннен Voenmart жүйесін Қазақстан Қарулы күштерінің басқа да әскери бөлімдеріне кезең-кезеңмен енгізу мүмкіндігі қарастырылады.
Айта кетелік Ұлттық ұланда әскери полицияның жедел желісі іске қосылған еді.