— Бұл жаңа жүйе пилоттық жоба ретінде енгізілгенін нақты айта аламын. Қазір осы жобаның оңтайлы және теріс тұстары талдаудан өтіп жатыр. Атап айтқанда, кез келген жаңа ережені жаппай енгізер алдында сынақтан өткізу кезеңі болуы тиіс. Менің ойымша, осы талдау жұмыстарынан кейін тиісті шешім қабылданып, «швед үстелі» жаппай енгізіледі деп ойлаймын, — деді Дархан Ахмедиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді тамақтандыру жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа стандарттар енгізіліп жатқанын жазған едік.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңартудың негізгі элементтерінің бірі — әскери қызметшілерге бірнеше тағамның ішінен таңдау жасауға мүмкіндік беретін «швед үстелі» қағидатын енгізу. Жаңа модель бойынша сарбаздар күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамнан өз қалауы бойынша таңдай алады. Бұл ретте азық-түлік пайының құны өзгермейді. Жүйе тағам дайындау мен тарату процестерін оңтайландыру есебінен іске асырылады.
Жаңашылдық аясында ұлттық тағамдарға да басымдық беріліп отыр. Әскери бөлімдерде «ұлттық тағамдар күні» енгізіліп, мәзірге мампар, қуырдақ, палау, ет және бауырсақ сияқты дәстүрлі ас түрлері қосылған.