— 2025 жылдан бастап мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға толыққанды мемлекеттік білім беру гранттары беріледі. Грант иегерлері жоғары оқу орындарында тегін білім алып, мемлекеттік шәкіртақы мен жатақханадан орын алу мүмкіндігіне ие болады. Мерзімді әскери қызметтен кейін жоғары оқу орнына түскен азаматтар конкурсқа қатыспай-ақ әскери кафедрада запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша тегін білім ала алады, — деді спикер.
Департамент басшысының сөзінше, конкурстық іріктеудің нәтижелері «Срочники 2.0» платформасында және жобаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады. Оқуға қабылдау туралы сертификаттың бар-жоғын платформаның «Іздеу» бөлімі арқылы жеке деректерді енгізіп тексеруге болады.
Айта кетейік, бұл жоба Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Еске салайық, әскери колледж түлектері ҰБТ-сыз әскери институтқа түсе алады.