Әскери даңқ музейінде жауынгерлік рухты танытатын жәдігерлер сақтаулы

Фото: Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңіріндегі Әскери даңқ музейі — ата-бабамыздың әскери рухын тірілткен, ел қорғау жолында тарихта есімдері қалған қаһармандардың ескерткішіндей. Музейде бүгінде 300-ден астам жәдігер сақтаулы тұр.

 

 

Мұндағы жәдігерлердің дені Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған.

Дейтұрғанмен, қазақ халқының жаугершілік заманын сипаттайтын кейбір экспозициялық кескіндер ата-бабамыздың толарсақтан саз кеше жүріп, ұлан-байтақ даланы бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырып кеткенін айғақтайды.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Әскери даңқ музейінің басшысы Талғат Адамов музей ғимаратының өзі тарихи жерде орналасқанын айтып өтті.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

— Ғимараттың өзі 1926 жылы эстониялық инженер Ломбактың жобасы бойынша Павлодар вокзалының күту залы ретінде салынған екен. Кейін мұнда № 108 теміржол мектебі, № 188 мектеп-интернаты орналасады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары аталған мектептің 26 түлегі майданға аттанады. Өкінішке қарай, олардың барлығы соғыстан оралмады. Марқұмдардың есімдері жазылған қара тас музей жанында тұр. Ал музейдің өзі 2011 жылы ел басына күн туған шақта ел қорғаған даңқты әкелеріміз бен ата-бабаларымыздың ерліктерін мәңгілікке ұрпақ есінде қалдыру мақсатында ашылған. Жәдігерлердің дені — Отанымызды фашистік басқыншылардан қорғаған жерлестеріміздің қаруы, жауынгерлік наградалар, құжаттары мен фотосуреттері, кітаптары мен жеке заттары, жауынгерлік хаттар және т. б. 2023 жылы мұнда жөндеу жүргізіліп, Қазақстан қарулы күштерінің құрылу тарихы бойынша да экспозициялар пайда болды, — дейді ол.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Кірген бетте қақ ортадағы қимақ жауынгерінің бейнесі көзге бірден түседі. 2001 жылы Май ауданы аумағында қимақ жауынгері жерленген орын анықталып, сауыт-сайманы мен қарулары қоса табылған.

Кейін жергілікті шебер С. Сағындықов табылған жәдігерлер бойынша қимақ жауынгерінің бейнесін жасап шыққан. 7-ғасырда қимақ-қыпшақ тайпалары Ертіс бойына қоныстанып, қуатты мемлекетке айналғаны тарихтан белгілі.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Ғалымдар қимақтардың астанасы — Имақия өзен бойында орналасқан деп болжайды. Кейінгі замандарда бұл аумақта бірнеше мемлекет өмір сүрген.

Ал Қазақ хандығы құрылған уақытта жоңғарларға қарсы соғыста Ертіс-Баян жерінен Он сан жүзге ұран салған ер Олжабай, Малайсары, Баян, Жасыбай, Дербісәлі, Қошман т. б. атақты батырлардың есімдері белгілі.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Атақты академик Марғұлан Әлкей өз шығармаларында: «1741 жылы Баянауылда болған шайқаста Олжабай, Жасыбай жасақтары жоңғарларды талқандайды. Жасыбай оққа ұшқан соң, Олжабай қалмақтарды тегісімен жойған бір тау „Қалмаққырған“ атанады» деп жазған.

Өкінішке қарай, қазақ-жоңғар шайқасындағы тарихи жер атауы кітаптарда айтылғанымен, жергілікті музейдің төрінде ол туралы мазмұнды мағлұмат көре алмадық.

Экспозицияда қазақ батырларының бес қаруын, 19-ғасырдың соңына таман хандар мен сұлтандар ұстаған әсем безендірілген қанжарлардың көшірмелерін, оқ-дәрі салатын сөмкені, өзге де қару түрлерін байқадық.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Ұлт-азаттық көтерілісіне арналған бұрыштан соң негізгі бөлім Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналыпты.

Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа Ертіс-Баян топырағынан 46 мыңдай жауынгер жіберіліп, 20 мың жерлесіміз майдан даласында ажал құшқан.

Ал ерліктің үлгісін көрсеткен 31 жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағын берсе, тағы 8 азамат «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған. 10 мыңнан аса адам түрлі орден-медальдармен марапатталған.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Соғыста қазақстандықтар арасынан алғашқы алтаудың бірі болып Кузьма Семенченко Батыр атағын алғанын екінің бірі біле бермейтіні анық.

Ол 72-атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор шенінде жүріп, 1941 жылы 22 шілдеде Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Музейде даңқты азаматтың әскери киімі сақталып тұр.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

— Мынау жердегі суретте Брест қамаланың қаһарманы Ғаббас Жұматов бейнеленген. Баянауылдан түлеп ұшқан жауынгер соғыста талай ерлік көрсетіп, елге аман-есен оралды. Ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, қоғам қайраткері ретінде танылды. Ал мынау тағы бір даңқты жерлесіміз — Әбілқайыр Баймолдин. Әскери-саяси академияны тәмамдап, Псков облысында майданға кірген. Невель қаласында командир болып, соғыс даласында қазақтың талай қаһармандарымен кездескен. Өкінішке қарай, 1944 жылы майдан даласындағы ұрыстардың бірінде қаза тапқан. Бізде әскери киімдері, жолсандығы бар. Невельде қаһарман жерлесіміздің және Мәншүк Мәметова мен 300-ден астам жаудың көзін құртқан мерген Ыбырайым Сүлейменовтің ескерткіштері орналасқан, — деп жалғастырды әңгімесін музей басшысы.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Кеңес Одағының батыры атағын небәрі 20 жасында алған Махмет Қайырбаевтың жеке заттарын, «Отанды қорғауда» майдан газетінің әскери тілшісі Ақмұқан Сыздықбеков, атты кавалерия полкінің взвод командирі Хасен Сейітқазин, майдан даласында ерлік көрсеткен Несіпбек Баязитов, Ермұхамет Айдарғалиев, Қабдеш Нұркин, Қиса Арықов, атақты партизандар Жылбек Ағаділов пен жұбайы Жамал Ағаділованың фотосуреттерін де кездестірдік.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Жау тылында жүріп, Майя есімді қыз баланы дүниеге әкелген ерлі-зайыпты Ағаділовтердің тағдыры көптеген шығармалар мен кітаптарға арқау болған.

Көзге түскен жәдігерлер қатарында «Қызыл ту», 2 мәрте «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған әскери дәрігер Хамза Мұстафинның медициналық құрал-жабдықтары мен әскери киімі бар.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Ақ желеңді абзал жан соғыс даласында 100-ден астам адамның өмірін сақтап қалған. Қан майданға ерлермен бірге облыстан көптеген қыз-келіншек аттанған. Мәселен, соғыстың алғашқы легінде Павлодардан 33 қыз-келіншек бір күнде жөнелтіледі.

Олар майдан даласында мейірбике және радист болып еңбек еткен. Арулардың қаншасы елге аман-есен оралғаны туралы мәлімет жоқ.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Павлодар облысы мыңдаған жастарды аттандырып қана қоймай, «Бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрды.

Майдан даласына көмек жіберумен көптеген отандастарымыз көзге түскені анық. Әсіресе, қару-жарақ жасау қорына қомақты қаражат тапсырғандардың есімдері алтын әріптермен жазылып қалды.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Мысал үшін павлодарлықтар арасынан қорғаныс қорнына Бәйкен Тұрғұлақов 100 мың сом, Қайырбек Баженеев 150 мың сом, Жақия Жаңатаев 106 мың сом, Май мектебінің 6-сынып оқушысы Роза Ысмайылова 550 сом тапсырғаны көрсетілген. Бұл қаражат жеңіс күнін жақындатуға үлкен сеп болғаны даусыз.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Ертіс бойы соғыс жылдары КСРО қалаларынан эвакуацияланған өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Аймағымызда осы жылдары бірнеше эвакуациялық госпитальдер құрылған.

Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған құжаттардың бірінде: «1942 жылдың 19 қаңтарында Павлодар облысында 3 эвагоспиталь жұмыс істеді. Павлодар қаласында № 2924, № 2448, Шарбақты ауылында № 3604 госпиталь орналасты» деп жазылған.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Бұған қоса қала іргесіндегі Мойылды шипажайында, қазіргі Астана көшесіндегі (Павлодар қаласы) бұрынғы ет-сүт техникумы мен педагогикалық училищеде жаралы жауынгерлерді емдеген. Бұл мекемелерде жүздеген павлодарлық еңбек етіп, сырқат жандар мен жарасынан ұзақ уақыт айыққан жауынгерлерге медциналық көмек көрсетті.

Госпитальдерде көптеген донорлар тұрақты қан тапсырған. КСРО-ның екі дүркін құрметті доноры Валентина Кирюшкинаның, 65 литр қан тапсырып 240 адамның өмірін сақтап қалған Раиса Жихорскаяның есімдері атап айтуға әбден лайық.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Өкінішке қарай, музейде қазақ халқының жаугершілік заманындағы оқиғаларды тізбектеп беретін жәдігерлер сирек. Өңірдің мәдениет басшылығы, музей қызметкерлері, жергілікті ғалымдар мен өлкетанушылар бұл мәселені ескереді деген үміттеміз. 

Музейдегі тарихи мәліметтерді де қайта қарап, сүзгіден өткізу, кейбір деректерге өзгеріс енгізу, қорды толықтыру, мүмкін болса экспозиция залдарын кеңейту жұмыстары қолға алынса деген тілек бар.

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Еске сала кетейік, Павлодарда Мәншүк Мәметова пайдаланған самауыр бар.

Сондай-ақ, Әскери Даңқ музейінің ауласында Кеңес одағының батыры Махмет Қайырбаевтың соғыста серігі болған зеңбірек те сақталып тұр.  

Фото: Мұрат Аяған / Kazinform