Әскери IT-мамандар даярлайтын институтқа құжат қабылдау басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты жаңа оқу жылына талапкерлерді қабылдауды бастады. Биыл оқу орнына 280-нен астам курсант қабылдау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Министрліктің мәліметінше, құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі, психологиялық тестілеу, медициналық тексеру, дене даярлығы және арнайы тексеруді қамтитын көпсатылы іріктеуден өтеді.

– Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер ҰБТ-ның төрт пәні бойынша кемінде 50 балл жинап, іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өтуі қажет. Биыл институтқа 280-нен астам курсант қабылдау жоспарланған, – делінген министрлік хабарламасында.

Институт «Әскери істегі радиоэлектроника және инжиниринг», «Әскери істегі радиотехника және инжиниринг», «Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандықтары бойынша офицерлер даярлайды. Бұл бағыттар цифрлық әскери басқару жүйелерін дамыту, қорғалған байланыс арналары мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған.

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлескен «Әскери журналистика» және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен жүзеге асырылатын «Әскери дирижер» қосдипломды білім беру бағдарламаларына қабылдау жалғасып жатыр. Бұл мамандықтарға түсушілер шығармашылық емтихан тапсырады.

– Оқу толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Курсанттар тегін жатын орынмен, тамақпен, медициналық қызметпен және әскери киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Институтты бітірген түлектерге «лейтенант» алғашқы офицерлік әскери атағы беріледі, ал үздік тәмамдағандарға «аға лейтенант» әскери атағы тағайындалады. Сондай-ақ барлық жас офицерлер Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен басқа да әскери құрылымдарында қызметпен қамтамасыз етіледі, – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.

Биыл Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Айта кетейік, Құрлық әскері әскери институтында дрон технологиясын меңгерген мамандар даярланып жатыр.