Әскери қызметшілер Тобыл өзенінің жағалауын құммен нығайтып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, Тобыл өзені жағалауындағы жағдаймен танысты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин мәлім етті.

Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Осы күндері Қарулы Күштердің құрамы су тасқыны апатымен күрес жұмыстарына жұмылдырылды. 7 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қарулы күштерден 814 әскери қызметші бөлінді және 44 техника, 3 тікұшақ, 2 ұшақ тартылды. Авиацияның көмегімен жалпы саны 262 адам және 4200 келі жүк тасымалданды. Осы күнге дейін тікұшақтар 19, ал ұшақтар 2 рейс жасады. Жеке құрам 44 мың құм салынған қаптарды дайындады. МИ-8 тікұшақтарымен 178 адам, оның ішінде 98 бала тасымалданды. С-205 ұшағымен Алматыдан Қостанайға жабдықпен 40 адам жеткізілді. Қостанай облысында аумақтық қорғаныс бригадасының 70 әскери қызметшісі Тобыл қаласында (Қостанай ауданы) 8 мың қап құм дайындап, Тобыл өзенінің жағалауын нығайтып жатыр», - деді Руслан Жангулин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қостанай өңіріне Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жұмыс сапарымен барды. Министр Тобыл өзені жағалауындағы жағдайды тексеріп, жергілікті қорғаныс бригадасына нақты тапсырмалар берді.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан өңірлерге Қарулы Күштерден қосымша 300-ге тарта жеке құрам және 32 әскери техника жұмылдырылды.

Айта кетсек, Қарулы күштердің дені Құлсарыда құтқару жұмысын жүргізіп жатыр.