Әскери қызметтен кейін сұранысқа ие мамандық: Sarbaz+ жобасы қалай жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM - 78460 әскери бөлімінің базасында жүзеге асырылып жатқан Sarbaz+ жобасы сұранысқа ие технологиялық бағыттар бойынша мамандар даярлауға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Әскери дайындықпен қатар, жоба қатысушылары бағдарламалау, киберқауіпсіздік, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, байланыс жүйелеріне қызмет көрсету және деректерді талдау салалары бойынша білім алады. 

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Оқу барысында заманауи цифрлық платформалар, VR-тренажерлер мен арнайы симуляторлар қолданылады. Дайындықты аяқтағаннан кейін қатысушылар меңгерген білімдері мен дағдыларын растайтын сертификаттарға ие болады. Бұл олардың мерзімді әскери қызметтен кейінгі кәсіби дамуына қосымша мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімге Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенжегүл Мұратбекқызы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Sagadat Batyr спорт клубының негізін қалаушы Нұрсұлтан Орынбасаров, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындары қатысты.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери антты мерзімді әскери қызметтің 89 сарбазы қабылдады. Салтанатты рәсім әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Сарбаздар домбырада қазақтың көрнекті күйшілері Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың шығармаларын орындап, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Іс-шара жеке құрамның салтанатты маршымен аяқталды.

– Бүгін – менің өмірімдегі ең маңызды күндердің бірі. Біз бұл күнге үлкен жауапкершілікпен келдік. Sarbaz жобасына қатысу бізге тек әскери машықтарды меңгеруге ғана емес, сонымен қатар болашақта сұранысқа ие болатын заманауи білім мен құзыреттерді игеруге мүмкіндік береді деп сенемін, – деді мерзімді әскери қызметші Дәурен Жақай.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін ата-аналар үшін әскери бөлім аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар әскери қызмет өткеру жағдайларымен танысып, казармаларды, асхананы және әскери инфрақұрылым нысандарын аралап көрді.

Айта кетейік, осыған дейін Президент Қорғаныс министріне Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруді тапсырған болатын.

Фото: Қорғаныс министрлігі