Әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген азаматқа 82 700 теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Әскери қызметтің беделіне нұқсан келтіріп, жалған ақпарат таратқан азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 2-бөлігі («Жалған ақпаратты орналастыру, тарату») бойынша кінәлі деп танылған азамат жауапкершілікке тартылды. Оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кету керек, 26 маусым күні @egovpress Telegram-арнасында жарияланған бейнематериалдарда азамат өзін ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі ретінде көрсетіп, әскери қызметтің беделін түсіретін мәліметтер таратқан.

— Қорғаныс министрлігі жүргізген тексеру нәтижесінде аталған азаматтың әскери қызметке қатысы жоқтығы және бұған дейін Қарулы Күштерде немесе өзге де әскери құралымдарында қызмет атқармағаны анықталды. Тексеру материалдары ішкі істер органдарына жолданып, оның нәтижесі бойынша азамат жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігі әскери қызмет пен Қарулы Күштердің беделін түсіретін жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Бұған дейін өзін әскери комиссариат қызметкері ретінде таныстырған астаналық 10 тәулікке қамалғанын жазғанбыз.