Оның сөзінше, бүгінде Қорғаныс министрлігі болашақ әскери қызметшілерді ерте кезеңнен даярлауға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта еліміздегі бес әскери колледжге 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуға түсуге мүмкіндік бар.
– Колледжде оқу барысында курсанттар мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етіледі. Олар әскери ант қабылдап, әскери қызмет өткеру туралы келісімшартқа қол қояды. Оқуды аяқтаған соң түлектерге сержант әскери атағы мен мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Оқуды аяқтаған түлектер Қарулы күштер қатарында әскери қызметке жіберіледі, - деді ол.
Департамент басшысының сөзінше, әскери колледж түлектері оқуын әскери институттарда қысқартылған үш жылдық бағдарлама бойынша жалғастыра алады. Бұл үшін ҰБТ тапсыру талап етілмейді.
– Осылайша сержанттан офицерге дейінгі әскери мансапты кезең-кезеңімен қалыптастыруға мүмкіндік жасалып отыр, – деді Мұрат Олжабаев.
Еске салайық, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерге құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады