Әскери қызметші отқа оранған пәтерден екі баланы аман алып шықты
Ефрейтор Ғалымжан Әлиуханов үйіне қайтып келе жатып 5 қабатты үйден шығып жатқан түтінді байқап қалады. Дереу оқиға орнына жетіп, өрт сөндіру сатысымен үйдің шатырына шығып, шатыр қаптамасын жұлып алып, подьезге кірген. Үйдің есігі ашық болған, сондықтан ол еш кедергісіз пәтерге енген. Айхайлап, үйде кім барын білмек болған. Ешкім жауап бермеген соң, әр бөлмені тінтіп қараған. Сол кезде түпкі бөлмеден 4-5 жас шамасындағы екі баланы ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған. Дереу оларды сыртқа алып шыққан.
«Мен ешқандай ерлік жасаған жоқпын, - дейді Ғалымжан қысылып. - Бұл әр ер адамның жасайтын ісі. Ол мейлі әскери болсын, мейлі қарапайым азамат болсын, кез келген ер адам осылай жасауы керек. Командирлеріме зор алғыс айтамын. Олар бізді әрдайым шынықтырып, жақсы физикалық күйде болуымызды қадағалайды. Бабымда болуым осы жолы да маған көмектесті».