Әскери қызметшілер Ауған жауынгерлерін еске алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толуына орай іс-шаралар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қр Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Интернационалист жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Ауғанстандағы ұрыс іс-қимылдарына қатысқан ардагерлерімен әскери қызметшілердің кездесулері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында ерлік сабақтары ұйымдастырылды. Ауған соғысының ардагерлері патриотизмнің, Отанға адал қызмет етудің және әскери борышты орындауға әзір болудың маңызды екенін айтты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ауған жауынгерлеріне арнап көрме мен концерт ұйымдастырылды.

Кеңес әскерлерінің соңғы легі Ауғанстаннан 1989 жылдың 15 ақпанында шықты. Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар өздерінің әскери борышын абыроймен атқарып, қазіргі әскери қызметшілер үшін батырлықтың, ерліктің үлгісі болып табылады.

Ресми статистикаға сүйенсек, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына 22 мыңға жуық қазақстандық қатысты. Олардың 900-ден астамы қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Атап өтсек, 4 300-ден астам қазақстандық жауынгер ордендермен және медальдармен марапатталды, олардың алтауы Кеңес Одағының батыры, біреуі – Халық Қаһарманы атағын алды.

Бүгінде елімізде 15 мыңнан астам интернационалист-жауынгер тұрады. Көбі елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысына атсалысады.