Әскери қызметшілер балаларға арнап, концерт қойды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласына қарасты Әуезов ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілері Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауқымды мерекелік ойын-сауық шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Family park саябағында балалар үшін аниматорлардың қатысуымен көңілді концерт ұсынылды. Ойын алаңдары, қызықты аттракциондар, кинотеатрлар балалар үшін тегін қызмет көрсетті. Балақайларға арнап шығармашылық байқаулар, түрлі сайыстар мен өзге де қызықты шаралар ұйымдастырылып, үздіктер анықталды.

Сонымен қатар, ұйымдастырушы әскери қызметшілер палатадан қалашық тұрғызып, балалар мен ересектерге дала жағдайында дайындалған сарбаз ботқасы мен палаудан дәм таттырды.

- Менің төрт балам бар, ұйымдастырылған дастархан біз үшін үлкен көмек болды. Ұйымдастырушы әскери қызметшілерге аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын ескеріп, арнайы шақырғандары үшін шексіз алғысымды білдіремін, - деді көпбалалы ана Әлия Әбішева.

- Баланың күлкісі әр ата-ана үшін ең қымбат сыйлық. Осы шаттыққа толы мейрамда барлық балаларға қуаныш пен бақыт тілейміз, - деді ұйымдастырушы әскери қызметшілер.

Ғажайып сәттерге толы мерекелік шарадан балдырғандар қуанышты көңіл-күймен қайтты.