Әскери қызметшілердің отбасылары арасында спорттық сайыс өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Құрлық әскерлері Әскери институтының стадионында әскери қызметшілердің отбасылары арасында сайыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, жаппай спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шара әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет тарапынан ұйымдастырылды.

Іс-шараға институттың қолбасшылығы, офицерлер мен келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатқан әскери қызметшілер, профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Мерекенің салтанатты ашылуы сап түзеуден, әділқазылардың таныстырылымы мен музыкалық жаттығудан басталды. Командалар әртүрлі спорт түрінен, оның ішінде, үстел теннисі, шахмат, дойбы, жүгіру, мини футбол, волейбол, баскетбол және арқан тартудан бақ сынасты. Сайыс қатысушыларын мерекемен «Спорт - бұл өмір» музыкалық нөмірімен «Болашақ» би тобы құттықтап келді.

«Спорт берік, мықты, күшті, қуатты, төзімді болуға көмектеседі. Қандай да бір спорт түрімен жүйелі түрде шұғылдану адамды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Спорт үнемі біріктіреді, физикалық шыдамдылықтың деңгейін арттыруға ықпал етеді. Спортпен шұғылданатын адамда үнемі физикалық тұрғыдан мықты, күшті ерік болады. Әскери институтта әскери қызметшілердің отбасылары үшін үнемі осындай іс-шаралар өткізіліп тұрады», - деді институт бастығының тәрбие және идеологиялық қызмет жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов.

Сайыс қорытындысы бойынша институттың басқармасы бірінші орынды, материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының командасы екінші орынды және жауынгерлік қамтамасыз ету кафедрасының командасы үшінші орынды еншіледі.