Әскери қызметшілердің жауапкершілік мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің жауапкершілігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады,

деп хабарлайды ҚазАқпарт.Отырыста осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембиновтың айтуынша, құжаттың мақсаты ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, жаза қолданылуы тиіс әскери азаматтар ұсталатын тәртіп батальонын тарату болып табылады. «Жазаға тартылуы тиіс әскери азаматтарды арнайы тәртіптік әскери бөлімшеде ұстау еліміздің қорғаныс саласы мен қорғаныс күштеріне қатысты заңдарына қарсы. Сонымен қатар, ол экономикалық жағынан да тиімсіз. Өйткені, бүгін еліміздегі сотталған, яғни тәртіптік батальонда ұсталатын әскерилердің саны небәрі 8 адам болса, оларға қызмет көрсететіндер саны 200 адамды құрайды. Ол аз болса, осы батальонды тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отыру үшін жылына кемінде 100 миллион теңгеден астам қаржы қажет», деді вице-министр.Отырыста құжатты жан-жақты талқылаған депутаттар оны мақұлдап, Бас комитетке екінші оқылымда қарау үшін дайындауға беру қажет деген шешімге келді.