Заңға сәйкес, жаңа жылдан бастап 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметтегі өтілі кемінде он жыл толған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төлеу жүргізілетін болады.
Жаңа ереже бойынша аталған санаттағы әскери қызметшілер қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі немесе оларға тұрғын үй жалдағанға өтемақы төленетін болады, бірақ зейнетке шыққаннан кейін қызметтік тұрғын үйді жекешелендіре алмайды. Алайда, осы санаттағы әскери қызметшілердің зейнетке шыққандағы жәрдемақысының мөлшері өскен. Еңбек өтілі 20 жылға толғаннан кейін төленетін жәрдемақыңың мөлшері 20 еселенген еңбекақыны, 30 жыл еңбек атқарғандарға 30 еселенген еңбекақыны құрамақ. Ал бұған дейінгі «Әскери қызметшілердің мәртебесі және отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес зейнетке шыққандағы төлемнің мөлшері қазіргіге қарағанда он есе аз болатын. Еңбек өтілі 20-дан 25 жылға құраған әскери қызметшілерге зейнетке шыққанда небәрі алты айлық еңбекақы мөлшері төленген.
2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде он бес және одан да көп жыл болған әскери қызметшілер күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқылы. Қызметтік тұрғын үй өтеусіз, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатқызылмайтын жағдайларда өтеусіз жекешелендіру құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тиісті тұрғын үй құнымен өтелетіндігін айта кеткен жөн.
Сонымен бірге, 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге жарылу қаупі бар заттарды және өзге де жарылғыш құрылғыларды іздеу, тасымалдау, залалсыздандыру және жою жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде тәулігіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленетін болады. Тегін тамақтанумен қамтамасыз етілу тізімі де кеңейтілген. Нақтырақ айтсақ, жауынгерлік кезекшілікті атқарған кезде, қарауылдағы қызметті атқарған кезде, тәуліктік нарядты атқарған кезде, далалық шығуларға (теңізге шығуларға) қатысқан кезде, суасты міндеттерін (жұмыстарын) орындаған кезде тегін тамақтанумен қамтамасыз етіледі. Авиациялық техникаға қызмет көрсетуге және ұшуларды қамтамасыз етуге рұқсат етілген инженерлік-техникалық құрам ұшуларды дайындау және орындау кезеңінде тамақтанумен қамтамасыз етіледі.