Әскери оқу орындарына құжат тапсыру жеңілдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Әскери жоғары оқу орындарына құжатты енді онлайн тапсыруға болады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді.

— Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарына қабылдау рәсімі цифрландырылып, талапкерлер үшін айтарлықтай жеңілдетілді. Енді құжаттарды рәсімдеу мерзімі 120 күннен 30 күнге дейін қысқарды, — деді спикер.

Оның айтуынша, талапкерлер енді құжаттарын eGov.kz порталы арқылы онлайн тапсыра алады. ҰБТ нәтижелері, медициналық тексеру қорытындылары және арнайы тексерулер туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы автоматты түрде алынады.

— Жаңа жүйе еліміздің барлық өңіріндегі жастар үшін әскери оқу орындарына түсу үдерісін едәуір жеңілдетіп отыр Құжаттарды онлайн тапсырудың арқасында талапкерлерге оқу орнына бірнеше рет барудың қажеті болмайды, ал рәсімдердің автоматтандырылуы қабылдау науқанының ашықтығын арттырып, адам факторының әсерін барынша азайтады, — деді департамент басшысы.

Еске салайық, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерге құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады.