Әскери оқу орындарына қабылдануға үміткерлерге қойылатын жаңа талаптар қаралды - Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 ақпанда ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің Әскери кеңесі болып өтті. Әскери кеңес отырысына Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасарлары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасындағы әскер тектері мен қызметтердің бастықтары қатысты.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Қорғаныс министрінің Қарулы Күштерді дамыту жөніндегі талаптары аясында жауынгерлік әзірлікті қолдау мен әскерлердің жауынгерлік жаттығуларын әрі қарай жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. Әскери кеңес басты күш-жігерді әскерлерді халықаралық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерге төтеп беру үшін әскери бөлімдер, бөлімшелер, құрылымдық бөлімшелердің іс жүзіндегі әрекеттерін жетілдіруге бағыттау қажеттігін белгілеп берді.

Сонымен қатар, әскери кеңес әскери тәртіп пен құқық тәртібі мәселесіне де айрықша назар аударды. Жаңа Қылмыстық кодексті қолдану ерекшеліктерін ескере отырып, Елбасы айқындап берген «құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік» бағдары ерекше орын алатын болады. Ал әскери қызметшілер үшін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өмір сүру күнделікті тіршілік қалпына айналуы тиіс.

Әскери кеңестің күн тәртібінде әскери университеттер, академияларға кандидаттарды іріктеп жіберу мәселесі және әскери қызметшілерді Қорғаныс министрлігі мен мемлекет басшылығының көтермелеуіне ұсыну мәселелері қаралды. Алқа мүшелері әр кандидатты жеке қарастырып, олардың қабілеттері, қызметтік тәжірибесі мен сіңірген еңбегін ескерді.

Сонымен қатар, Әскери кеңес Құрлық әскерлерінің әрі қарай даму бағыттарын, ауқымды оқу-жаттығуларға бөлінетін қаражат, жұмылдырылатын күштер мен мерзімдерін, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадқа қатысатын Құрлық әскерлерінің топтарын даярлау тәртібін нақтылады.